Орал қаласы білім беру бөлімі басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызы Темірханованың тамыз кеңесіне арналған баяндамасы
«Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық»
Құрметті ұстаздар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сала ардагерлері мен қонақтар!
Білім беру жүйесіне жаңаша қарау, білімнің сапасы мен тиімділігін қалыптастыру – заман талабы. Қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер білімді, саналы жастарды тәрбиелеуде үлкен міндет жүктері сөзсіз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажеттігін, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруы тиіс екенін атап, жастарға арнаған үндеуінде өскелең ұрпақтың басты құндылығы еңбексүйгіштік, терең білім, отаншылдық болуы тиіс екенін жеткізді. Елді көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар алға бастайды. Аянбай еңбек етіп, адал табыс табатын әрбір адам қоғам, мемлекет дамуына үлес қосады. Осы құндылықтарды жас буынның бойына сіңіріп, білім беру жүйесіндегі жаңғырту мен инновациялық үдерістердің жалғасуына ықпал ету білім саласы қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінде ұстаздар қауымы жас ұрпақтың жаңаша ойлауын, ұлттық құндылықтар негізінде біртұтас дүниетанымының қалыптасуын, әлемдік сапа деңгейіндегі білім негіздерін меңгеруін басты назарға алып, осы ретте ұлттық педагогика және өркениеттік білім негіздерін кәсіби шеберліктерімен ұштастыруда.
Біздің ортақ мұратымыз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі Жаңа Қазақстанды құру. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Құрметті әріптестер, өздеріңізге белгілі, жаңа оқу жылының қарсаңындағы дәстүрлі тамыз кеңесі – білім берудің аса маңызды мәселелерін талқылап, мәнін ашуға жақсы мүмкіндік береді. Бір жылда қол жеткізген нәтижелерімізді қортындылай отырып, осы басқосуда жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қабылдаймыз. Сондай-ақ қоғам сұранысына сай оқушыны тәрбиелеп, білім берудегі басымдықтарды жүзеге асыратын маңызды мәселелер айқындалады. Ең бастысы, жаңа оқу жылының мақсат-міндеттерін анықтап, оны шешу жолдарын қарастыруымыз қажет.
Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл «Балалар жылы» ретінде жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп баса айтқан болатын. Білім ұйымдарында балалардың жайлы ортада білім алуы, оқушыларды қолдау, жан-жақты жетілуі, рухани дамуы бағытында шаралар, жобалар ұйымдастырылып жалғасын табуда. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру алдағы күннің мәндеті ретінде қала бермек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылған болатын. Осы ретте қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерге басымдық берілді. Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, орта білім беру сапасын арттыру мақсатында кешенді шаралар қабылдау, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету міндеттері бар.
Қаржылық қамтамасыз ету
ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру, білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу. Өйткені мектептердегі оқытудың жай-күйі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен тәкелей байланысты. Осы ретте Орал қаласы білім беру бөлімі бойынша 2022 жылдың 1 маусымына жалпы нақтыланған бюджет сомасы 41 млрд. 026 млн. 932 мың теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 15 671 360,0 мың теңге (39%), субвенция есебінен 14 253 327,0 мың теңге (35 %) және жергілікті бюджет есебінен11 102 245,0 мың теңге (27%) болды.
Білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ағымдағы күтіп ұстауға республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттарға сәйкес жұмыс жоспарлы түрде жүргізіледі.
«Жалпы білім беру» бағдарламасы бойынша 2022 жылы «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат сомасы – 25 446 123,0 мың теңге. Соның ішінде республикалық бюджеттен 10 421 439,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 10 238 029,0 мың теңге, субвенция есебінен 4 786 655,0 мың теңге бөлінді.
2022 жылы «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру» бағдарламасы бойынша материалдық-техникалық базаны нығайтуға күрделі шығыстарға бөлінген қаражат сомасы – 1 068 681,0 мың теңге. Жалпы саны 90 оқу кабинетін сатып алу жоспарланды. Атап айтқанда, 15 физика кабинеті, 13 биология кабинеті, 10 химия кабинеті, 4 география кабинеті, 4 информатика, 4 математика, 4 қазақ тілі, 3 тарих кабинеті, 3 АӘД кабинеті, 8 еңбек кабинеті, 5 stem-лаборатория, 6 лингафон кабинеті, 4 дефектолог-логопед кабинеті. Сонымен бірге 73 интерактивті тақта, ойын алаңдарын, кітапханаға арналған Koworking Center және т.б жабдықтау жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылы 1349 табысы аз қамтылған және көп балалы отбасыларындағы балалардың толыққанды білім алуына көзделген жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының 1 маусымға нақтыланған жалпы сомасы 118 087,0 мың теңге, оның ішінде: тамақтандыруды ұйымдастыру – 47 314,0 мың теңге, киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алуға – 34 587,0 мың теңге, БҚО қала сыртындағы лагерьлерде демалу, мектеп жанында лагерьде тамақтандыру – 36 186,0 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар аз және көп балалы отбасыларындағы балаларға жазғы демалысты ұйымдастыруда 50 оқушы Нұр-Сұлтан қаласына саяхатқа жолданды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 5 500,0 мың теңге бөлінді. 100 аз қамтылған отбасы оқушыларының Бурабай курорты аумағында демалысын өткізуге 14 500,0 мың теңге қарастырылды.
Жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыру мақсатында 2022 жылы мектеп ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, атап айтқанда құрылыс тауарларын сатып алуға 43 800,0 мың теңге және ағымдағы жөндеу жүргізу қызметтеріне 180 940,0 мың теңге бөлінді. Негізінен бұл ақтау-сырлау, сыртқы желілерді орнату (қайта құру), терезелерді, есіктерді, линолеумдарды ауыстыру, жарықдиодты шамдарды ауыстыру, спорт залдарын, акт залдарын, кабинеттерді ағымдағы жөндеу, сондай-ақ қысқы-күзгі жылыту маусымына дайындық жасау сынды жұмыстар.
2022 жылы наурыз айында үш ауысымдылықты жою мақсатында Меловые горки ауылындағы 300 орындық №18 мектеп-балабақша кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Апатты деп танылған №33, 31 ЖОББМ бойынша мәселелер толықтай шешілді. (№33 орта мектептің орнына жаңа мектеп ғимараты салынып, 2021 жылы 30 желтоқсан күні пайдалануға берілді. БҚО облыс әкімдігінің 15.10.2021 жылғы №207 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Орал қаласы білім беру бөлімінің «№31 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-н тарату туралы» қаулысы негізінде мектеп таратылды).
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды» бағдарламасы бойынша 2022 жылы 50 мемлекеттік балабақшаға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға бюджеттен 5 818 024,0 мың теңге және 84 жеке мектепке дейінгі ұйымға 3 117 575,0 мың теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 1 886 194,0 мың теңге қарастырылды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру есебінен жүргізіледі. 2022 жылы бала басына 41 197 теңге құрады. (2020 жылы қаржыландыру 37527 теңге).
«Қосымша білім беру» бағдарламасы бойынша 2022 жылы қосымша білім беруге бөлінген бюджет 1 692 512,0 мың теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 731 731,0 мың теңге.
Білім беру бөлімі бойынша құқық бұзушылықты, балалардың қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу мақсатында 2022 жылы жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша жоспарлы жұмыстар өткізілді. 2022 жылға «Атамекен» жазғы балалар лагеріне жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат сомасы 18471,0 мың теңге. Оның ішінде 230 дарынды оқушының 50% жеңілдікпен демалуына 1840,0 мың теңге, 444 балалардың жорыққа шығуына 1656,0 мың теңге, «Рахат», «Мирас» күркелі лагерьде 1700 оқушының демалуына 7965,2 мың теңге, «ОСОЛ», «Қайсар» әскери-патриотты лагерлерінде 929 баланың жазғы демалысын өткізуге 7010,0 мың теңге қаражат қарастырылып, игерілді.
Атқарылып жатқан жұмыстар мен жұмсалған қаржының көлеміне қарамастан, бюджеттен қаржы бөлінуді талап ететін бірқатар мәселелердің бар екенін баса айтқым келеді. Бөлімге қарасты қаладағы 50 жалпы орта білім беретін мектептің 20-дан астамы күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарын қажет етеді. Соның ішінде 5 мектеп бойынша (№9, 13, 17, 23, 32 ЖОМ) күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта аталған мектептерді күрделі жөндеуден өткізу үшін қаражаттың бөлінуі күтілуде.
Орал қаласы, Мұхит көшесі №2/1, мекен-жайы бойынша орналасқан №43 ЖОББМ ғимаратына 2020 жылы «Technicalsurvey» ЖШС-нің техникалық сараптама қорытындысына сәйкес мектеп ғимараты апат алдында деп танылып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу орынсыз екендігі анықталды. Орал қаласы, Ихсанов көшесі, №111, мекенжайы бойынша орналасқан №7 ЖОББМ ғимаратына 2021 жылы «ҚұрылысКонсалтинг» ҰО АҚ БҚОФ жүргізген техникалық сараптама қорытындысына сәйкес, мектеп ғимаратының сол қанаты апат алдында деп танылып, қысқа мерзімде ғимараттың сол қанатының барлық конструкциясын демонтаждау, одан әрі ғимарат құрылысы бойынша жұмыстарды жүргізу қажет деп танылды.
2021 жылы №13 «Золотой ключик» және №28 «Карлығаш» мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 13 301,0 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуге 731 742,53 мың теңге көлемінде қаражат бөлу жөнінде БҚО білім басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуді қажет ететін №5 «Сәуле», №9 «Еркемай», №18 «Балдырған», №21 «Росинка» бөбекжайларына жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 26 650,0 мың теңге қаражат қажет.
«Мектептен тыс жұмыс орталығы» МКҚМ ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 6821,0 мың теңге қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуге 352 174,88 мың теңге қаражат керек.Бұл мәселелер бойынша БҚО Білім басқармасына, Орал қаласы әкімдігіне қолдау көрсету негізінде хаттар жолданды.
Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие
Мектепке дейінгі ұйым – мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың алғашқы сатысы, баланы жалпы орта білім беретін бастауыш сатыға дайындау, оларды жалпы мәдениеттік, ұлттық құндылықтар негізінде олардың үйлесімдік дамуы мақсатында құрылған білім беру ұйымы болып табылады.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуді және осы ретте 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеді. Қалада 18 134 бала контингентімен 153 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 50 мемлекеттік балабақша, 84 жеке бөбекжай, 1 мектеп-балабақша кешені және 19 шағын орталық. Мемлекеттік тапсырыстарды орналастырумен жекеменшік балабақшалардың белсенді ашылуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдар 2020-2021 жылмен салыстырғанда 15 балабақшаға көбейді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Орал қаласы бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға қол жеткізілді.
Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұру және орын алу Balabaqsha Smart Nation бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта кезекте 8 527 бала тұр.
Мектеп жасына дейінгі балаларды барынша қамтуға қол жеткізуде жеке балабақшалармен бірлескен жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта жаңадан ашылатын 15 бөбекжай және 13 жеке бөбекжайдағы орын санын кеңейтуге байланысты кәсіпкерлерден өтініш түсті. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бағдарламасы арқылы балаларды қамту 2308 орынға ұлғаяды деп күтілуде.
Мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 1806 педагог қызмет атқарады. Оның 1273-і немесе 70%-ы – мемлекеттік бөбекжайда, 533 педагог, яғни 30%-ы – жеке мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет етеді. 1410-ы меңгеруші, әдіскер және тәрбиешілер, оның 1097-де немесе 77,8% «мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығын иеленген, мектепке дейінгі білімдері бар. Олардың жоғары санаттысы – 160, I санаттысы – 271, II санаттысы – 160, ал педагог-модератор – 347, педагог-сарапшы – 98, педагог-зерттеуші – 102.
Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 15847 бала қамтылған, оның 9532-і немесе 60% мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, ал жеке МдҰ-да 6315 немесе 40% көрсеткішті құрады.
Мектепке дейінгі білім беру саласында педагогтардың шығармашылық ізденісі мен жаңашыл бағыттағы өзіндік іс-тәжірибелерін насихаттау аясында қалалық көлемде 121 МдҰ педагогтерінің озат педагогикалық әдістемелік жинақтары таратылды.
2021-2022 оқу жылы тәжірибелік алаң бойынша 23 мектепке дейінгі ұйым облыстық, ал 25 мектепке дейінгі ұйым қалалық деңгейде нәтижелі, қарқынды жұмыстар атқарды.
Тәжірибелік алаңдар бойынша іріктелген 48 мектепке дейінгі ұйымда 15 түрлі бағытта тиімді жұмыстар жүргізіліп отыр. Айталық, М.Монтессори технологиясы, инклюзивті білім беруде жаңа технологияларды қолдану, мұражайлық педагогикалық бағытта, танымдық құм терапеясы, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, экологиялық тәрбие беру, зияткерлік қабілеттерін дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыты, Қадыр Мырза Әли шығармаларындағы бала тәрбиесін отбасымен ұштастырып жүзеге асыру бағыттары жүйеленген.
Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасын барлық бөбекжай меңгерушілері игерді, яғни осы жаңартылған білім мазмұны бағытында бүгінде 42 бөбекжай меңгерушісі, 205 МдҰ қызметкері «Балабақшаның жаңа моделі» жобасы бойынша курстан өтті. Олардың алдында мектепке дейінгі оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеттері тұр.
Мектеп – білім тірегі
2021-2022 оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етілді. Мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі артты. Қала мектептерінің барлығы дерлік қысқартылған оқу жоспарымен жұмыстануда. «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсын енгізу оқушыларымыздың бойында қазіргі қоғамның талаптарына сай білім мен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ең басты міндеттеріміздің бірі – оқушының білім алуы мен дамып өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Сонымен қатар 6-сыныпта «Музыка» оқу пәнінің шеңберінде домбыра тартуды үйрету үшін көптеген мектептер осы домбыра үйірмесін ашып, мектептеріне домбыра алды. Білім алушылар тек домбыра тартуды ғана үйреніп қоймай, сонымен қатар халық композиторларының шығармашылығымен, қазақ музыкасының тарихымен, Қорқыт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова және басқа да қазақ халқының ұлттық өнері тұлғалары салған дәстүрлермен танысты. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында барлық сыныптарда үлгілік оқу жоспарындағы «Дене шынықтыру» пәнінің үш сағатының бір сағаты «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі» ойындарына, спорттық, бал биі, хореографияны оқыту ұсынылды.
Халықаралық зерттеулерге, қорытынды аттестаттауға дайындық үшін және оқушылардың функционалдық сауаттылығын көтеру мақсатында вариативті бөлімнен сағаттар бөлінді.
Қала бойынша 50 күндізгі жалпы орта білім беретін мектептер болса, оның ішінде 48-і (96%) – орта мектеп, 2-уі – негізгі және 1 – кешкі ауысымды мектептер. Сонымен қатар 5 гимназия (№34, №42, №44, ВБМГ, ЭБМГ) және 5 лицей (№27, №28 ,№35, №38, №41) жас ұрпақты біліммен қамтамасыз етуде. 2021-2022 оқу жылында 25 қазақ тілді, 5 орыс тілді және 20 қазақ және орыс тілді мектептер жұмыс жасады.
Шағын жинақталған мектептер саны өзгеріссіз – 1 мектеп (№29 НОББМ ), онда 56 оқушы бар. Шағын жинақталған мектептің контингенті 2016 жылдардан бері өзгеріссіз.
2021-2022 оқу жылында орыс тілінде оқытатын мектептер №3, №6, №7, №23, №39 мектептерде қазақ тілінде мектепке дайындық топтары, №32, ВБМГ-де 1 қазақ сыныптары ашылып, бұл мектептер оқытуы қазақша, орысша мектептер қатарына қосылды. 2022-2023 оқу жылында бұл жұмыс жалғасын табады және №9, 17, 24 мектептерінде де МДТ мен 1 сынып бойынша қазақ тілінде ашылады деп жоспарлануда.
Оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 3000-3500 оқушыға оқушыға артып отыр. 2022-2023 оқу жылына 1 сыныпқа 7 мыңнан астам оқушы қабылданды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, қазақ тілін дамыту — басты міндет екенін Президент атап көрсеткен болатын. Биыл «Қазақ мектебіне қадам басайық» акциясы басталды. Оның мақсаты – ұлты қазақ оқушыларды ана тілінде білім алуға шақыру. Бұл жоба Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2021 жылдан бастап өткізіп келе жатқан шарасы. Былтыр карантин талаптарына сай онлайн түрінде ұйымдастырылған болатын, биыл ата-аналардың тікелей қатысуымен кең көлемде ұйымдастырылды. Нәтижесі көңіл қуантарлық. 1-сыныпқа қабылданған 7000 оқушының 65 пайыз болатын 4509-ының ата-анасы баласы үшін мемлекеттік тілде білім алуына өтініш берді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,1 пайызға жоғары. ( 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа 6383 бала қабылданды. Қазақ сыныптарына қабылданған оқушылардың үлесі 57,9 пайыз болды.)
Білім сапасы – құзыреттілік пен кәсіби сананың дәйекті және практикалық тиімді қалыптасуын анықтайтын оқу-тәрбие процесінің сипаттамаларының жиынтығы. Мұнда сипаттамалардың үш тобын бөліп көрсетуге болады: білім беру мақсатына жету әлеуетінің сапасы, кәсібилікті қалыптастыру процесінің сапасы және білім беру нәтижесінің сапасы.
Қосымша білім беру
Бәсекеге қабілетті тұлға мен маманды қалыптастырудың негізі отбасында, қоғамда және білім беру жүйесінде қалыптасатын құндылықтар болып табылады. Мектептен тыс мекемелер балалардың отбасынан, мектептен алған білім-тәрбиесін толықтырады, солармен бірлесе отырып бір мақсатты жүзеге асырады: жеткіншектердің дене-бітімінің сымбатты болуына, ақыл-ойының дұрыс қалыптасуына, рухани-әлеуметтік, моральдық тұрғыда дамуына ықпал етеді. Орал қаласының білім беру бөліміне қарасты 6 қосымша білім беру орталығы бар. «Балалар саз мектебінде» 1800 оқушы, Атамекен туризм орталығында – 1533, Балалар өнер мектебінде – 420, мектептен тыс жұмыс орталығында – 6439, оқушылар сарайында – 3960, балалар сурет мектебінде – 730 бала тәрбиеленуде. Жалпы 14882 бала түрлі үйірмелермен қамтылған. Ол оралдық оқушылардың 27,8 пайызын (2020-2021 оқу жылында 26,7 пайыз) құрайды.
Қосымша білім беру ұйымдары жеке тұлғаны дамытуға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, денсаулықты нығайту, кәсіптік анықтау, балалардың шығармашылық даму, бос уақытын ұйымдастыру мақсаттарын шешеді. Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы негізгі құжаттар Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» ҚР Президентінің Жарлығы, «Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы негізгі құжаттар Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» ҚР Президентінің Жарлығы, «Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқушы қабылдау мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №219 бұйрығы, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі, №170 бұйрығы. Бала құқықтары туралы Конвецияны басшылыққа алады.
Балаларға жалпы және қосымша білім беруді жүзеге асырудың ең тиімді әдісі – мектеп пен мектептен тыс ұйымдарының арасындағы маңызды байланыс, №10 ЖОББМ, №14 ЖОББМ, №20 ЖОББМ, №33 ЖОББМ, №49 ЖОББМ-де, Круглоозерный ЖОББМ және Деркөл, Зашаған кентінде жұмыс жасап жатырған мектептен тыс ұйымдардың филиалдары, қаланың барлық аудандарын қамтып, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беруде.
Қосымша білім беру ұйымдарында барлығы 449 үйірме жұмыс жасайды. Олар интеллектуалдық, музыкалық, көркемсуреттік білім беру, шығармашалыққа үйрету, қол өнері, техникалық білім беру, сонымен қатар туристтік дағдыларға үйрету бағыттарында жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерде 566 педагог қызмет атқарады.
Мектептен тыс ұйымдар жұмысының негізгі көрсеткіштері педагогтардың оқу-тәрбие бойынша әдістемелік жұмыстарды тарату, оқушылардың қалалық, облыстық, Республикалық, Халықаралық байқаулардағы жетістіктері болып табылады. Қосымша білім беру ұйымдарының 188 оқушысы халықаралық, 332 оқушысы республикалық, 157 оқушысы облыстық байқауларға қатысып, барлығы 677 оқушы түлі деңгейдегі конкурстарда лауреат атанды, сонымен қатар қала деңгейінде ұйымдастырылған бұқаралық шараларға қатысып, өнерлерін шыңдап, тәжірибе жинақтауда.
Дарынды оқушы – ұлт болашағы
Дарынды балаларды дамытуды ғылымның бүгінгі дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан қоғамға ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді. Дарындылыққа педагогикалық энциклопедияда «Дарындылық – белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі» деген анықтама берілген. Қала мектептері бойынша дарынды оқушыларымыздың білімдерін анықтап жүйелеуде білім додаларының маңызы ерекше.
Сондай жұмыстардың бірі – жыл сайын өтетін дәстүрлі пәндік олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға жетелейтін ғылыми жобалар жарысы. Пәндік олимпиадалар – оқушылардың білім деңгейін тексеруге, пәнге қызығушылықты арттыруға, дарынды оқушыларды анықтауға ықпал ететін жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың бәйгесі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңіне қатысушылар мен жүлдегерлер саны көбейіп келеді. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында қатысушы саны – 1199, жүлдегерлер саны – 243 болған еді. 2021-2022 оқу жылында 1221 оқушы қатысып, оның 206-ы жүлделі орынға ие болды. Олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан 65 оқушының 53-і жүлделі орынды иеленіп (ол қатысушының 82%), облыс бойынша командалық есепте І орын алды. Алдыңғы 2020-2021 оқу жылында қатысушы – 89, жүлдегер – 53 оқушы болған еді. Олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысқан 28 оқушынының 12-і жүлделі орынды иеленді. Олар – №35, 38,41,42,44 мектеп-лицей, гимназиялары мен №17, 20, 32 ЖОББМ-ның оқушылары. Жалпы командалық есепте республика бойынша облысымыз үшінші орынға шықты.
Биылғы білім додасының нәтижесінде Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі республикадағы үздік 100 мектептің қатарынан табылды. Жалпы олимпиаданың барлық қалалық, облыстық, республикалық кезеңінде лицей-гимназиялар бойынша №35, 38, 28, 34, 41, 42, 44 мектептер, жалпы білім беретін мектептер бойынша №7, 17, 20, 24, 32 мектептер жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Ғылыми жобалар жарысының 12 секция бойынша қалалық кезеңіне қатысқан 115 жұмыстың 48-і жүлдегер атанды. Облыстық кезеңі бойынша қатысқан 44 жұмыстың 26-сы жүлделі орындарды иеленді. Республикалық кезеңге қатысқан 8 оқушының төртеуі жүлделі І, ІІ, ІІІ (№38, 41, ЭБМГ, МЛ оқушылары) орындарды иеленді. Оның ішінде №41 мектеп-лицейін ерекше атап көрсетуге болады. Мектеп-лицейден ұсылынған 3, жұмыс бойынша 5 оқушы жүлделі орындарды иеленді.
ҰБТ қорытындысы бойынша М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицей еліміздегі үздік 100 мектептің қатарына енді. Биылғы ҰБТ бойынша орташа балл 103-ті құраса, түлектердің 90% мемлекеттік грант иегерлері атанып отыр.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, осындай балалардың бойындағы дарындылық қасиетін дамыту көбіне мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі айдан анық. Сондықтан, қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті мектеп ұстаздарын заманауи оқыту технологияларымен қаруландырып, кәсіби құзыреттілігін шыңдап отырады.
Инклюзивті білім беру – шексіз мүмкіндіктерге бастар жол
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыруда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі» индикаторы бойынша Орал қаласының 50 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ішінде 25 балабақшада ал орта білім беру жүйесіндегі «Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі» индикаторы бойынша қаланың 50 жалпы білім беретін мектептері ішінен 46 мектепте инклюзивті білім алуға жағдай жасалса, (яғни дефектолог, логопед мамандар бірлігі енгізілген), барлығы 49 мектепте мүгедектердің қолжетімділігі үшін жағдай жасалып, «кедергісіз аймақ» элементтері қалыптастырылған.
Орал қаласы бойынша Орал қалалық психологиялық-дәрігерлік- педагогикалық консультациясы есебінде 0-18 жас аралығында 2694 бала есепте тұр. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда 349 бала, ал мектептерде 1385 оқушы ерекше білім алуды қажет ететін балалар санатына жатады. Оның ішінде 144 бүлдіршін арнайы топтарда тәрбиеленсе, 205 бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті біліммен қамтылған. Жалпы білім беретін мектептерде 266 оқушы арнайы сыныптарда оқытылуда, 946 оқушы қала мектептерінде инклюзивті біліммен қамтылды, 173 оқушы денсаулық жағдайына орай үйден оқытылады.
Қала бойынша №3, 13, 19, 22 жалпы орта білім беретін мектептерінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар үшін 36 арнайы түзету сыныптары ашылған, барлығы 266 оқушы оқумен қамтылған. №3 жалпы орта білім беретін мектебінде есту қабілеті нашар, №19 жалпы орта білім беретін мектебінде тірек-қимыл қозғалыстарында бұзушылықтары бар, №13, 22 жалпы орта білім беретін мектептерінде психикалық дамуы тежелген балалар білім алады. Сонымен қатар 6 балабақшада (№8, 22, 24, 29, 47, 48) ақыл-ой кемістігі, психикалық даму тежелісі, тіл кемістігі, көру қабілеті нашар балаларға арналған 16 арнайы топтар ашылып, оларда 144 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал 9 мектепке дейінгі ұйымдардағы инклюзивті кабинеттерде (№8, 22, 24, 29, 39, 40, 43, 44, 45) дефектолог, психолог мамандар қызмет көрсетеді.
№21, 5 жалпы орта білім беретін мектептерінде инклюзивті қолдау кабинеттерінде арнайы мамандар аутистік спектрлі бұзылыстары бар балалармен жеке жұмыстанып, арнайы оқу жоспары бойынша білім беруде.
2021-2022 оқу жылында «Болашақ» корпоративті қорымен бірлескен жоба ретінде №13 жалпы орта білім беретін мектеп базасында аутистік спектрлі бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Мұнда аутистік спектрлі бұзылыстары бар 10 оқушы арнайы оқу жоспары бойынша білім алуда. Кабинет қажетті арнайы мамандармен, соның ішінде ассистенттермен, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Орал қаласы бойынша 45 мектепте логопункт ашылған, № 27, 28, 35, 41 мектеп-лицейлер мен №29жалпы орта білім беретін мектебінде логопед, дефектолог штаттары ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалардың болмауына орай енгізілмеген. 56 логопед маманнан 1815 оқушы логопед көмегін алады. 39 мектепте 52 дефектолог маман 525 оқушыға түзету сабақтарын жүргізеді.
Мектептердің 92 пайызында инклюзивті білім беруді дамытуға жағдай жасалған. Мектептердің 100%-ы кедергісіз аймақтар элементтерімен қамтамасыз етілген.
Қорғаншылық және қамқоршылық
Білім беру бөлімі тарапынан әлеуметтік жетімдіктің деңгейін төмендету мақсатында бірнеше шаралар атқаралды. Бүгінгі таңда 344 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала республикалық деректер базасында тіркелген. Қорғаншылық пен қамқоршылықта 284 бала болса, оның 177-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім санаты бойынша – 107 бала. Патронат тәрбиесінде 51 бала болса, жетім саны 15, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар саны – 36.
Қамқоршылықта 224 отбасы 285 бала, патронаттық тәрбиеде 36 отбасы – 51 бала тәрбиеленуде. Екі қабылдаушы отбасы 9 баланы тәрбиелеп отыр. Балалар мекемелерінде 57 бала, оның 4-і «Мейірім» сәбилер үйінде, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 53 бала тәрбиеленуде.
2021 жылы 7 бала туған отбасына қайтарылды. жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы 7 баланы үміткерлер асырап алды. Жыл басынан бері балалардың әлеуметтік мәртебелерін анықтау мақсатында ата-аналық құқықтарын шектеу немесе айыру туралы сотқа 30 талап-арыз беріліп, оның 27-і қанағаттандырылды.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды дер кезінде анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізлуде. Балалардың құқықтарының бұзылуы туралы сенім телефонына түскен кез келген дабылға қорғаншылық және қамқоршылық органы дереу жауап береді. Қорғаншылық және қамқоршылық органы қорғаншылармен және патронаттық тәрбиешілермен профилактикалық әңгімелесуді де жүргізеді. Бұл санаттағы балалар қарастырылған барлық жеңілдіктерге ие.
2021 жылдың шілдесінде балалар үйінен жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар санатынан бес баланы асырап алған екінші қабылдаушы отбасы құрылды.
Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Білім және ғылым министрлігіне биологиялық ата-анасы қайтыс болғаннан кейін қалған қарыздары мен мұрагерліктен кейінгі басқа да қаржылық қарыздарды олардың балалар мен жасөспірімдерге қалдыруға болмайды деген ұсыныс берілді. Сонымен қатар 2021 жылында қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі Білім және ғылым министрлігі, «Amanat» («Nur Otan») партиясы, сондай-ақ прокуратура тарапынан тексерулерден өтіп, нәтижесінде ескертулер мен заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
Жаңа оқу жылында әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, мемлекеттік көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрмыстық жағдайын және бейімделуін бақылау, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалармен психологиялық қызметтің жұмысын күшейту басымдықтары бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Білім мен тәрбие – егіз
Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қай кезде де жасөркеннің үздіксіз дамуы мемлекеттің басты назарында болды. Бүгінде балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағытталған ауқымды іс-жоспар қабылданған болатын. Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Қазіргі таңда тәрбие жүйесіндегі бірқатар проблемалар бар. Оның ішінде балалар мен оқушы жастардың сапасы төмен бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратына және интернет-сайттарға бағдарлануы, қатыгездікті насихаттау, балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуге, алкоголь және есірткі қолдануға әуестенуі, еңбек тәрбиесі рөлінің төмендеуі, отбасылық құндылықтар мен отбасылық тәрбие дәстүрлері рөлінің төмендеуі, әлеуметтік жетімдік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид, нашақорлық, бүлдіргіш секталарға қатысу және т.б. Осы өзекті проблемаларды шешу мақсатында Орал қаласының білім беру бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында оқушыларды тәрбиелеу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмысы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі №227 бұйрығымен бекітілген «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне» сәйкесті кең көлемде жүргізілуде.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Барлық қала мектептерінде құқықбұзушылықтың алдын-алу, балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін «Адал Ұрпақ», «Жас жол сақшысы», «Жас полицей», «Жас құтқарушы» клубтары белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар барлық қала мектептерінде тәрбие жұмысын жүргізу бағытында қыз балалар, ұл балалар профилактикалық кеңестері бар.
Көпмәдениетті тәрбие беру мақсатында қаланың №7, 13, 20, 21, 26, 32 мектептерінде «Достық» клубтары жұмыс жасады. Аталған клубтар өз жұмысын Халықтар Ассамблеясының БҚО филиалымен бірігіп жүргізеді.
Ата-аналарды мектептің қоғамдық өміріне тарту мақсатында Орал қаласы мектептерінің отбасылары қалалық дәстүрлі «Мерейлі отбасы» №16, 20, 26, 30, 33, 34, 36, 38, 41, 42, 44, 49, 50 мектеп отбасылары белсенді қатысып, №44 мектеп-гимназиясының Балмулдиндер отбасы Бас жүлдені иеленді.
Құрамына қала мектептері әкелерінің өкілдері енген «Ұлағат» қалалық әкелер қауымдастығы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде педагогтарға орасан зор көмегін тигізуде.
Қыз балаларға адамгершілік, имандылық, эстетикалық тәрбие беру мақсатында мектептерде «Айсана», «Подруги», «Қыз-Жібек», «Инабат», «Шашбаулым», «Нәзік» қыздар клубы, ал ер балаларға тәрбие беру, оларды зиянды әдеттерден аластау, спорттық іс шараларға қатыстыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, бойларында патриоттық сезім мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру, еңбек етуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу мақсатында «Мирас», «Қайсар», «Батыр», «Ел тірегі», «Жігер» т.б. ұлдар клубтары құрылып, мектептерде жұмыс жасауда.
Мектепшілік бақылау мен полиция басқармасында бақылауда тұрған балалармен жұмысты білім беру бөлімі «Өзіңнен баста!» жобасы арқылы жүзеге асырды.
Аталған жоба аясында 21655 бастауыш сынып оқушыларын жолда жүру ережелерімен және бағдаршам қызметімен таныстыру, жол белгілерін айыра білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Гаухар жол» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен практикалық сабақтар өткізілді.
Оқушылар сарайы базасында жаңа оқыту технологияларын қолдана отырып, педагогтерді жарақат және жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсетуге оқыту, жол қозғалысы ережелерін оқытудың жаңа тәсілдері бойынша «Гаухар жол» қоғамдық бірлестігі және полиция басқармасы өкілдерінің қатысуымен семинар мен барлық мектептердің 6-7 сынып оқушыларының кестеге сәйкес экскурсиясы өткізілді.
Пробация кабинетінде, полиция басқармасы мен мектепішілік бақылауда тұрған оқушыларды әлеуметтендіру бойынша педагогтар, психолог мамандар жеке әңгімелесулер өткізеді.
Жоба жұмысы барысында апта бойы мектептер оқушылардың қызығушылығын арттыру және бос уақыттарында ұнатқан істерімен айналысуға бағыттау жұмысын жүргізсе, әр аптаның жұма күні бұл жұмысты мектептен тыс жұмыс орталығы мен Оқушылар сарайының үйірме педагогтары жүргізеді.
Жоба аясында семинар-тренигтер, мектеп инспекторларының дәрістері, ата-аналармен жеке жұмыстар (қажеттілікке байланысты), қосымша білім беру ұйымдарындағы тәрбиелік шаралар, театрға, мұражайларға саяхат, медбикенің дәрістері және түрлі клубтардың жұмысына қатыстыру жоспарланған болатын.
Кәмелетке толмағандардың құқығы мен міндеттері, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың алдын алу мәселелері бойынша оқушыларға, ата-анаға түсінік беру жұмыстары, психологиялық кеңес беру, ата-аналар жиналысы барлық қала мектептерінде ұйымдастырылды.
Мектепішілік бақылау мен ішкі істер басқармасында бақылауда тұрған тәуекел топ балалармен жеке алдын алу жұмысы үнемі жүргізіледі. Олардың оқудан жалтаруына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша мектеп әкімшіліктері шаралар қабылдайды. Әр айда 5 не 10 күн және одан көп себепсіз сабақ жіберген оқушылар туралы есеп жасақталып, ата-аналар мен заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары, одан әрі әкімшілік шараға тарту жұмысы жүргізіледі.
Мектептер полиция басқармасы өкілдерімен бірге «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» оперативті-профилактикалық іс-шараларға қатысып, мектептер саяжай, базар, түрлі көңіл көтеретін орындар, компьютерлік салондарға рейд ұйымдастырады.
Жыл бойы өткізілген тәрбиелік шаралар нәтижесінде оқушылардың шығармашылық ой-өрістерінің дамуының жақсы нәтижелері байқалады. Мұндай нәтижелер түрлі республикалық, облыстық, қалалық, аудандық жарыстарда, байқауларда, сонымен қатар көркем өнер, би, сурет салу байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыз мысал бола алады. Сонымен қатар мектептердің балаларды тәрбиелеуде ата-аналармен тығыз қарым-қатынасы және ынтымақтастығы жалғасуда.
Құрметті педагогтар қауымы, мектептегі тәрбие жұмысы әрдайым алдыңғы кезекте болуы керек. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас реті, насихатталатын құндылықтар мен қасиеттер жүйесі анықталып, бекуі қажет деп есептеймін. Мектеп ұжымы осы бағытты, жаңа құндылықтар жүйесін саналы түрде қабылдап, әр ұстаз оны күнделікті жұмысына кіргізуі тиіс.
Жазғы демалыс – жан саулығы
Жазғы демалысты ұйымдастыруда білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2020–2023 жылдардағы каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы өкімін» басшылыққа алып, сәйкесті жұмыстар жүргізілді.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға 2022 жылы 69 548 мың теңге қаражат бөлінді. Білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында 3 айда 1500 оқушы демалды. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 400. Демалысты ұйымдастырудағы басым бағыттардың бірі болып дарынды оқушыларды 50 пайыз ата-аналары есебінен демалыспен қамту есептелді. 230 осы санаттығы оқушылар «Атамекен» лагерінде демалысын өткізді.
Қаланың 46 мектебінде тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде 6700 бала, 50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымында (мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы) тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде 34655 бала демалысын өткізды. Алтыншы жыл қала мектептері жанындағы лагерьлерде бағдарлы алаңдар жұмыс жасап, балалар жоспарлы түрде үш тілді оқыту алаңдары, интеллектуалдық алаңдарда білімдерін толықтырды.
Оныншы жыл қатарынан білім беру бөлімі «Мирас», «Рахат» шатырлы лагерлерін ұйымдастырып, жалпы демалыстың бұл түрімен 50 мектептен 1700 бала қамтылды. Бұл шатырлы лагерлерде туристтік-өлкетану бағытында жұмыстар жүргізіліп, оқушылар болашақта ғылыми жоба жарыстарына дайындық жүргізді.
50 мектепте «Жазғы мектептер» 1-17 маусым аралығында 40198 оқушыны қамтып, пәндер бойынша білімдегі олқылықтарын түзету жұмыстарын жүргізді.
2011 жылдан бері «Қайсар» патриоттық лагері жұмыс жасауда. Биыл бұл лагерде мектепішілік бақылауда, жергілікті полицияның бақылауында тұрған және өмірін Отан қорғау ісіне арнағысы келген 230 ер бала өз демалысын өткізді.
№32, 37, 46, 48, 50, ЭБГ, Серебряков мектептерінде мектеп ауласындағы үлескеде «Мектеп.Алма бақ.Оқушы» жобасы аясында жеміс ағаштарын отырғызу және өсіру жобасы жүзеге асырылуда. Аталған мектептер осы жоба аясында 14-16 жастағы жасөспірімдерді жеңіл еңбекпен қамтылды.
«Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығындағы лагерь демалушылары бассейнде базалық жүзу дағыдыларын үйренді.
Оқушылар сарайында қала мектептері оқушыларына базалық жүзу дағыдыларын үйрету жұмысы жыл бойы жүргізіледі. Нұр-Сұлтан қаласына 50, Түркістан қаласына 50 аз қамтылған отбасы оқушыларына саяхат ұйымдастырылды. 100 аз қамтылған отбасы оқушысы Боровое курорты аумағында, 22 оқушы «Балдәурен» лагерінде демалысын өткізді.
Жалпы жазғы демалыспен қамту 89 пайызды құрады.
Әдістемелік кабинет
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Заман талабына сай оқушының білім алуы мен дамып өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасай отырып, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, функционалдық тұрғыдан сауатты тұлға тәрбиелеуіміз керек. Орал қаласы білім беру бөлімі әдістемелік кабинеті «Білім берудегі басшылық пен басқаруды модернизациялау – оқыту мен тәрбие үдерісінің тиімділік негізі» тақырыбы бойынша жұмыстанды.
Жалпы білім беретін 50 мектепте 2021-2022 оқу жылында педагогикалық кадрлар саны 6612-ні құрады. 46-сы – педагог-шебер, 948-і – педагог-зерттеуші, 1372-сі – педагог-сарапшы, 1516-сы – педагог-модератор.
Білім сапасының кепілі – мұғалімнің кәсіби дайындығы мен шеберлігі. Бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен, жұртшылықпен ынтымақтастық орнатуға икемді тұлға болуы тиіс. Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп,өз ісінің хас шебері болуы міндетті. Мұғалімдер теориясы мен практикасын үйлестіріп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп, соның бәрін әдіснамалық тұрғыдан игеруі тиіс. Бәсекеге қабілетті қоғамдағы ұстаздың моделі де осындай – шәкірттерін білімділік, іскерлік дағдылары өскелең, өмір талабына сай тәрбиелейтін, өз бетінше жоспарлап, шешім қабылдай білетін өмірлік көзқарасы, құндылық қасиеттері бар шығармашыл жеке тұлға. Осы ретте педагогтарға қолдау көрсету, әдістемелік шеберліктерін, іс-тәжірибелерін жетілдіру мақсатында 2021-2022 оқу жылы 136 семинар, шеберлік сыныптар, коучингтер беріліп, әдістемелік көмек берілді. 333 мұғалімнің үздік тәжірибесі облыс көлемінде таратылды.
2022 жылдың қаңтарынан бастап 2048 педагог курспен қамтылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жанынан барлығы 1091, «Назарбаев Зияткрелік мектептері» ААҚ жанындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» ЖМ Орал қаласындағы филиалында – 883, Адамның үйлесімді дамуы институты ұйымдастырған курстан 74 педагог өтті.
Әдістемелік кабинет қала мектептерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады. Негізгі бағыттар – әдістемелік жұмыстың бағыттарын жүйелеу, педагогтердің ақпараттық құзыреттілігін дамыту, цифрландыру мәселелері, көшбасшылықтың дамыту құралдары, қолайлы орта қалыптастыру индексі. Жетекші мектеп басшыларына қойылатын талап – басқару тиімділігін бағалау, өлшемдерін дұрыс таңдау.
Желілік қауымдастық – педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру құралы
Мұғалімдердің кәсіби қызметін қолданудың негізгі қуатты ресурсы желілік педагогикалық қауымдастықтар арқылы бірлескен оқу қызметі процесінде негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыру. Орал қаласы бойынша 50 мектеп 7 желілік қауымдастыққа біріктіріліп, жетекші және серіктес мектептермен сәтті жұмыстанып келеді. Білім ұйымдарының желілік қауымдастықтарға бірігуі арқылы ортақ проблемалар, басқару моделіндегі өзгерістер, жобалар зерделеніп, зерттеу тақырыптары анықталды. Қазіргі уақытта әр қауымдастық зерттеу тақырыптары бойынша жұмыстануда.
Желілік қауымдастық арқылы жұмысты ұйымдастыру мектеп басшыларының өзара тәжірибе алмасуына, проблемаларды қауымдастықта шешуге, командалық жұмысты нығайтуға, тәжірибелі басшылардың жұмыс тәжірибесін тарату арқылы жас директорлардың үлгі алуына, кәсіби өсуге ықпал етіп, бірлескен жұмыс нәтижесінде білім ұйымын дамытуға, оқушы мен ата-ана сұранысын қанағаттандыратын жоғары жетістіктерге қол жеткізуге жол ашты. Серіктес мектептер жетекші мектептер деңгейіне көтерілді. Егер бұрын 7 жетекші мектеп болса, қазіргі уақытта олардың саны 22-ге жетті. Серіктес мектеп мұғалімдері де көшбасшылар қатарынан көрінді. Бұл желілік қауымдастықтардың аясында оқыту мәселелерін бірлесіп шешу тиімділігінің тікелей дәлелі. Алайда, заманның сұранысы, бәсекелік орта дамуды тоқтатпай, жоғары деңгейге көшуді талап ететінін көрсетіп отыр.
Даму жолындағы ізденіспен «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясымен байланыс орнаттық. «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясы ұсынған «Басқарудың жаңа моделі» курсы Орал қаласы білім беру ұйымдарына модельді таңдау мен оны дамытуға серпін берді. Курсқа 33 мектеп, 7 қосымша білім беру ұйымы мен 45 мемлекеттік, 7 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ұжымдарынан командамен жалпы 910 педагог қатысты. Корпоративтік басқарудан бастап, оқу бағдарламаларын зерделеу мен вариативтік бөлімді күшейту, білім ұйымын трансформациялау, білім беру ұйымдарының қажеттіліктері және шетелдік тәжірибе кіріктірілген курс барысында оралдық білім ұйымдарының командалары Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Ресейдің Қазан қаласындағы алдыңғы қатарлы білім беру мекемелерінің тәжірибесімен танысты. Мектеп пен бизнес арасындағы табысты өзара әрекеттестікке қол жеткізген мұғалімдермен, білім беру ұйымдарының басшыларымен және құрылтайшыларымен тәжірибе алмасты. Білім беру тәжірибесін өзгерте алған көшбасшы мектептердегі жаңа инновациялық бағыттарды, озық технологиялардың іс-тәжірибеде қолданылуына көз жеткізді.
Курс аясында алған білім мен тәжірибе арқылы әр білім ұйымы командасы өсу мен даму нүктесін белгілеп, модельге бағытталған өзгерісті енгізу үдерісін іске асыруға кірістік. Қазіргі уақытта әр мектеп мен мектепке дейінгі ұйымдар күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерді ескере отырып, жаңа модельді жүзеге асырудың кешенді жоспары негізінде өздерінің даму модельдерін анықтады. «Экомектеп», «Брендмектеп», «Инжиниринг», «Кәсіпкерлік», «Зерттеуші мектеп», STEAM мектеп, ART және т.б бағыттардағы модельдер бойынша мақсатқа жету жолында жан-жақты ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, іске асырылуда.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидасына сәйкес, Орал қаласы білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Жалпы мектепке дейінгі ұйым және мектептер бойынша 4-7 жыл немесе 7 жылдан астам отырған басшылар ротациялауға енгізіліп, жалпы 98 пайызын ротациялау туралы шешім қабылданды. Ротациялау үш кезеңде жүргізілді.
ҚОРТЫТЫНДЫ
Отаншылдық, еңбекқорлық, білімге құштарлық қасиеттері ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талпынумен бітеді. Олай болса, құрметті әріптестер, жаңа Қазақстанның жаңаша талаптары мен үрдістеріне сай, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелеу басты басымдық ретінде қала бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін және осы ретте бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруда басты үміт мұғалімдерге артылатын атап өтті. Біздің міндет – осы бағытта жұдырықтай жұмыла қызмет атқару және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің рөлі – шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу.
Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат ету маңызды. Осы тұста ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады.
Қорыта келе, Сіздерді санаулы күндерден кейін күтіп тұрған жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға жарқын жетістіктер мен шығармашылық табыс тілеймін!