25 Мамыр 2021
Жаңалықтар

ОРАЛДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

25 мамыр күні қаладағы мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Білім ұяларында мектеп түлектері  үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, салтанатты шара ұйымдастырылды. Қаладағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының, №16 орта мектеп ұстаздары мен оқушыларын облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі. Ә.Молдағұлова тандағы №38 мектеп-лицейдегі  салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

2020-2021 оқу жылында  қаламыздағы мектептердің 1-11 сыныптарында 52695 оқушы білім алды. 2285  түлек алтын ұяларымен қоштаспақ. Олардың 111 – і «Алтын белгіге», 45-і «Ерекше аттестатқа» үміткер.

Биыл қала мектептері арасындағы үздік  орта білім беру ұйымы атанған №42 «Ақ ниет» гимназиясы 16-шы түлектерін ұшыруда. Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев «Ақ ниеттің» түлектеріне облыс әкімінің  құттықтауын жеткізіп, ақ жол тіледі.

  – Сіздер, ХХІ ғасырдың ұрпағысыздар, миллениумда дүниеге келдіңіздер. Биыл ерекше жылы – Ел тәулесіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс орта мектепті тәмамдап, жаңа жолдарыңызды бастап жатырсыздар. Осы бастамаларыңызда сәттілік серік болып Тәуелсіз Қазақстанымызды бұдан әрі де биік белестерге жеткізетін азамат-азаматша болады деп сенеміз. Бүгінгі күні облысымыз бойынша 6000-ға жуық түлек мектептерімен қош айтыспақ. Өзіне айқын мақсат қойып, өмірлік жолын дұрыс таңдай білген жастар өз кірпіштерін берік қалайды. Мектеп өмірінде жеткен жетістіктеріңіз аз емес, алдағы уақытта  республикалық, халықаралық деңгейде сіздерді  көреміз деп сенеміз, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Білім ұясының басшысы Ерік Жылқыбайұлының мәліметінше, бітіруші  83 ақниеттік түлектің сегізі – «Алтын белгі» төсбелгісіне, үшеуі – «Ерекше аттестатқа» үмітті. Оқу жылын сәтті аяқтағанын атап өткен гимназия басшысы әр түлек ұстаздардың жүрегінде ұзақ сақталатынын атап өтті. 

– Тарыдай болып кірген шәкірттеріміз 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, рухани азық  жиып, үлкен өмірге сапар шекпек. Бүгінгі түлектерімнің әрқайсысы өз ерекшеліктерімен гимназия тарихында қалып отыр. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауларында жетістікке  жетіп жүрген оқушыларымыз өте көп.  Мектеп өмірінде айрықша жетістікке жетіп, өз бағыттарын айқындаған бұл шәкірттерімнің болашағынан зор үміт күтемін, – дейді  мектеп директоры.

Салтанатты шара кезінде гимназияның дарынды түлектері білім ұясының туы мен білім кілтін іні буынға зор сеніммен тапсырды. Мәдени шараларда белсенді болу, спорт жарыстарында жеңіс тұғырынан көріну, экологияны қорғау сынды аманаттар да айтылды.

Биыл аталмыш гимназияда 2332 оқушы оқыды. Білім сапасы 70 пайыз, мұғалімдердің сапалық құрамы – 65 пайыз. 

**** 

Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев өзі осыдан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан №16 орта мектептегі салтанатты шараға арнайы қатысты. Ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтады.

Биылғы оқу жылында білім ұясында 1037 оқушы білім алды. Олардың 24-і –түлектер. Бұл аталмыш мектептің 54-ші түлектері. Түлектердің төртеуі – «Алтын белгіге», біреуі – «ерекше аттестатқа» үміткер. Мектеп басшысы Мария Кабакованың сөзінше, білім сапасы өткен жылғыдан 7 пайызға жоғарылаған.

**** 

Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіндегі соңғы қоңырау салтанатына қатысқан аталмыш мектептің оқушысы, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов түлектерге ыстық лебізін арнады. 

– Бұл мектеп мен үшін ыстық. 1996 жылы осы лицейге қабылданып, 5-8-сыныптар аралығында білім алдым. Екіншіден, мектептің 2000 шаршы метрлік тарихи-архитектуралық ғимараттан осы 12 мың шаршы метр аумақтағы зәулім нысанға көшірілуіне білім бөлімі және білім басқармасымен бірге атсалысқан болатынмын. Бұл – соңғы үлгіде салынған білім ошағы.  Кең орынға көшіп, оқушылар саны алты есеге  өсті. Бұл әрине  білім ұясының ұстаздар ұжымына жүк. Десе де, білім саласында өз орны бар мектептің білім деңгейі түспейді деп сенемін. Ұжымға сенімім мол. Биылғы түлектердің қатарында республикалық олимпиададан жақсы көрсеткішке жеткендер бар. Бұл – мектептің  қуанышы ғана емес, қаламыздың, облысымыздың абыройы. Осындай шәкірттерді оқытып-тәрбеиелеген ұстаздарға алғыс айтамыз. Биылғы оқу жылының түлектеріне сәттілік, биік белестерді  бағындыруды тілеймін. Жұмыс жасауға ниеттенген жасқа – жұмыс, білім алуға ықылас танытқандарға – әлемнің  қай түкпірінде  болмасын білім алуға мүмкіндік бар,   – деген Бақытжан Хаберұлы шәкірттердің  Ұлы дала елінің  бәсекеге қабілетті мақтанышы болуларын тіледі.     

Биылғы оқу жылын 310 оқушымен бастаған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі  ІІІ тоқсаннан бастап жаңа ғимаратқа көшіріліп, оқушылар саны да артты. Бүгінде  1910 оқушы кезекті оқу жылын тәмамдады. Түлектер саны – 45.

Білім ұясындағы 149 педагогтың басым көпшілігі – педагог-шебер, педагог-зерттеуші  мәртебесіне ие. Мектеп-лицей басшысы Шынар Сағынғалиева шара барысында мектептің жетістіктерін зор мақтанышпен баяндады. Соның ішінде республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша аталған мектеп-лицейдің еліміздегі  үздік  100 мектептің қатарынан табылғанын атап өту қажет.

Орал қаласының білім беру бөлімінің баспасөз қызметі

Жобалар
Пайдалы ақпараттық ресурстар
Smart Bilim - порталдың мобильді қосымшасы
Әсіресе, ата-аналар үшін Smart Bilim мобильді қосымшасы үйден шықпай-ақ қажетті және қажетті ақпаратқа қол жеткізуге, нақты уақытта сұрақтар қоюға және кері байланыс алуға мүмкіндік береді.