01 Маус 2021
Жаңалықтар

Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай оралдықтар қала шетіндегі жаңа зират маңына жиналып, тоталитарлық жүйенің жендеттері жазықсыз қуғынға ұшыратып, қатыгездікпен жазаланған отандастарымыздың рухы алдында аза тұтты. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тұлғаларға орнатылған ескерткіш тақталар жанында митингтер ұйымдастырылды.

Орал қалалық білім беру бөлімі мен «БҚО Корей Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Мұнайшылар гүлбағында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында азалы жиын өткізді. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, БҚО-дағы Корей этно-мәдени орталығының төрайымы Бэла Тю, корей этно-мәдени оталығының өкілдері және білім беру саласы қызметкерлері мен оқушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

– 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» өлеңінде жырлағандай, қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Алайда, тоталитарлық саясаттың машинасы бәрінен асып түсті. Қазір осы датаны аза тұту күні ретінде атап өту – парызымыз. Себебі өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ, – деді қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Жақсығали Төлегенұлы.
Корей этно орталығының ақсақалдар алқасының төрағасы Владимир Хон қуғын-сүргін салқыны корейлерге де тиіп, бейбіт халық Қиыр Шығыстан мәжбүрлі түрде көшірілгенін айтты. Бұл 1937 жылдың қыркүйегі еді.

– 175 мыңдай этникалық корей өздеріне беймәлім жерге көшірілді. Қараша айы. Салқын түскен уақыт еді. Кейбірі сиыр қораларға орналасты, кейбірі далада жерді қазып, паналауға мәжбүр болды. Сол қиын кезеңде жергілікті халық өздерінің жарты құртын бөліп беріп, біздің ұлтымыздың аман қалуына көмектерін көрсетті. Ол – қазақ халқы болатын. Бүгін міне, тәуелсіз қазақ елінде корейлердің бесінші ұрпағы өзгелермен тең құқықта өмір сүріп келеді, – деді В.Хон.

Қала мектептерінің оқушылары қаламгерлердің ызғарлы жылдар жаңғырығына арнаған өлеңдерін оқыды. Корей этносының өкілдері осы тарихи кезеңді естен шығармау, қазақ халқының қонақжайлығын, ілтиптын ұмытпау мақсатында қойылған «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі

Жобалар
Пайдалы ақпараттық ресурстар
Smart Bilim - порталдың мобильді қосымшасы
Әсіресе, ата-аналар үшін Smart Bilim мобильді қосымшасы үйден шықпай-ақ қажетті және қажетті ақпаратқа қол жеткізуге, нақты уақытта сұрақтар қоюға және кері байланыс алуға мүмкіндік береді.