02 Маус 2021
Жаңалықтар

ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ АБАТ ШЫНЫБЕКОВ ДАРЫНДЫ ШӘКІРТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні аясында Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков түрлі додаларда жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар атанған оқушылармен кездест. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған бұл кездесу барысында қала мектептерінің технологтары дайындаған «Сәулетті ғимараттар сыр шертеді» макеттер қалашығы таныстырылды.

 

Кездесуде қала басшысы Абат Абайұлы алдымен балаларды халықаралық мерекемен құттықтады. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап, таудай болып шығатын шәкірттердің сапалы білім алуы үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасап отырғанын атады. Алға қойған мақсатқа жету үшін ең бастысы – жігер, күш-қайрат қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ үздіксіз оқу, ізденістің нәтижесінде қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқау-олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жеткен оқушыларға ықыласын білдіріп, алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар шәкірттерге қала әкімінің естелік сыйлығы ұсынылды.

 

Кездесу барысында оқушылар айналысып жүрген ғылыми жобалары, болашаққа жоспарлары туралы бөлісті.

 

Шара аясында таныстырылған ғимарат макеттері қатарында Оралдағы тарихи нысандар және технология пәні мұғалімдерінің қиялдарынан туған үлгілер бар. Мәселен, бүгінде «Орал» халықаралық әуежайының құрылысы жүріп жатқанын ескерген ұстаздар өздерінің идеяларымен макет дайындаған. Сол секілді «Ақжайық» шағынауданына қатынайтын көпірді де қазақы оюлармен үлгілеген. Болашақта салынар мешіттің үлгісі де ұстаздар назарынан тыс қалмаған. Қала басшысы технолог-ұстаздардың еңбегіне айрықша баға беріп, осы орайда қаланың келбеті, бос кеңістіктерді жайлы орынға айналдыру мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ұсыныстар да күтілетінін жеткізді.

 

Макеттер алдағы уақытта «Атамекен» балалар-жасөспірімдер орталығына қойылмақ. Сонымен қатар қала әкімі жылма-жыл үлгілерді көбейтіп, арнайы мемориалды кешен ұйымдастыруды ұсынды. Бұл қаланың тарихына, архиектурасына қызығушылық танытқандардың қаланың кешегісі мен бүгінгісін және болашағын бір жерден көруге мүмкіндік береді.

Жобалар
Пайдалы ақпараттық ресурстар
Smart Bilim - порталдың мобильді қосымшасы
Әсіресе, ата-аналар үшін Smart Bilim мобильді қосымшасы үйден шықпай-ақ қажетті және қажетті ақпаратқа қол жеткізуге, нақты уақытта сұрақтар қоюға және кері байланыс алуға мүмкіндік береді.