Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргетасы қаланғанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет екенін атап көрсетті.
Құрметті әріптестер! Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – теңдесі жоқ Тәуелсіздігіміздің қадірін кейінгі ұрпағымыздың бойларына сіңіріп, оларды ел тарихы мен тілін құрметтейтін, ұлт тағдырына жанашыр, отансүйгіш азамат ретінде тәрбиелеу. Орал қаласының педагогикалық қауымы осы игілікті істің басында белсене жүріп, өзінің қомақты үлесін қосып келеді. Орал қаласы білім беру бөлімі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспарын ұсынады. Барлық іс-шаралар жалпы орта білім беретін мектеп, қосымша білім беру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдар арасында өтеді. Барлық білім беру ұйымдарын жобаға белсенді қатысуға шақырамыз.